Әлеуметтік желілер және жастардың рухани қауіпсіздігі

Әлімқұлова С.Б.

Әлеуметтік желілер және жастардың рухани қауіпсіздігі

Бүгінгі күндердің ресми деректеріне сүйенсек Қазақстанда халықтың жалпы санының 22 пайызына жуығын 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлесіне тиесілі, яғни ол 4 миллионнан астам адам екенін ескерер болсақ, әлеуметтік желілердегі ақпараттарды ұдайы назарда ұстау қажеттігі туындайды. Бұл дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жастар арасында діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуын тосқауылдауға қатысты шаралардың өзектілігін айғақтайды.

Бүгінгі таңда радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы отандастарымызды өз қатарларына тарту фактілері аз емес. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында әлеуметтік желілер арқылы, экстремистік және террористік идеяларды насихаттайтын бейне роликтерді, әдебиеттерді тарату мен насихаттау орын алып отырғаны туралы көптеген мінберлерден айтылып келеді.

Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы енуде.

Соның салдарынан азаматтардың мемлекетке деген әлеуметтік сенім деңгейі төмендеу, отансүйгіштік сезімі мен төзімділік принциптері құнсыздану, құндылықтық бағыттары мен этикалық нормалары өзгеріске ұшырау, отбасына іріткі салыну, қоғамның жікке бөліну қаупі туындауда.

Радикалды экстремистік идеологиялардың ықпалындағы діни ағым өкілдері қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен ұшқары әрекеттерді жүзеге асыруға дайын болатыны белгілі. Оған әлемнің әр жерінде орын алып отырған радикалды діни ағымдар өкілдерінің қылмыстық іске баруы және лаңкестік әрекеттері дәлел.

Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату террористтер мен экстремистер өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес.

Қазақстанда орын алған лаңкестік актілерді талдаудың нәтижесі бойынша, лаңкестердің 55% - 29 жасқа дейінгі адамдар, 35% - 30-39 жас аралығындағы адамдар, ал 10%  - 40 жастан асқан адамдар екені анықталған.

Жастардың деструктивті ағымдар идеологиясының жетегінде кетуінің себептеріне әлеуметтік-экономикалық проблемаларының болуы, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік тәжірибелерінің жоқтығы, сыни қабылдау қабілетінің төмендігі, тұлға ретінде қалыптасуда орын алған психологиялық мәселелер әсер етуде.

Әсіресе, экстремистік идеялармен санасы уланғандардың қатарында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің болуы қоғамды тек ойландырып қана қоймай әлеуметтік желілердегі экстремистік және террористік және діни радикалды мазмұндағы материалдардың таралуының алдын алу мақсатында  дінтану сараптамасын жүргізу арқылы оны тосқауылдардың оңтайлы тетіктерін қалыптастыруды талап ететіні заңдылық.  

Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Вконтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтар шамамен 70% дәстүрлі емес ислам  идеологиясына және шамамен 30% дәстүрлі исламға тиесілі.

YouTube, Facebook, Instagram, Вконтакте, Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілердің пайдаланушылардың санының артуына байланысты, интернет ресурстарына үздіксіз мониторинг және талдау жасаудың өзектілігі артып келеді.

Ғаламдық әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі.

Қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жаңа тәсілдер мен технологияларға деген сұраныс және оларға қойылатын талаптар арта түсуде. 

Осы орайда, ғаламтор кеңістігінде әлеуметтік желілерді пайдаланушы жастардың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зайырлы өмір салтының құндылықтарын, Қазақстан халқының ұлттық рухани дәстүрлері мен конфессияаралық келісімді насихаттау өте маңызды. Ал діни экстремизм мен фундаментализмнің таралуына тосқауыл бола алатын тетіктерді жетілдіру қажет.

Келешегі кемел, жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу ішін, білімді, көкірегі ояу, бәсекелік қаблетті жаһандық нарықта бағасы бар, сапасы жағынан өзгелерден ұтымды дүние ұсына алатын біртұтас халық ретінде қалыптасуға ұмтылғанымыз абзал.

Ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау арқылы ғана еліміз болашақта көздеп отырған асқақ мақсаттарға қол жеткізе алады.