Дархан Кәлетаев IRCICA Бас директорымен кездесуде ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Халит Эрэнмен кездесті.

Кездесуде дін және мәдениетті зерттеу саласындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Дархан Кәлетаев Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы бірлесе өткізетін шаралардың маңызды екенін баса айтты.

Осындай бірлескен шаралар қатарында 21 маусым күні өтетін «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция, сондай-ақ, «Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» атты халықаралық семинар жұмысын атауға болады.

Халит Эрэн министрге IRCICA институтының қызметі жөнінде айтып берді. Ұйымның басты қызметі ислам мәдениетін зерттеуге және оны халықаралық деңгейде танытуға, сондай-ақ, мұсылман елдеріндегі материалдық мәдениет нысандарын сақтауға бағытталған.

Кездесу соңында тараптар екі жақты ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атады.

Ақпарат дереккөзі: diakom.gov.kz