Елорда жастарына «Абай және дін» тақырыбында дәріс өткізілді

Ү.ж. 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығы Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету және ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы Е.Жексенов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне «Абай және дін» тақырыбында дәріс өткізді.

Е.Жексенов биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, жастарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы айта келе, ұлы ойшылдың еңбектеріндегі дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мәселесіне ерекше тоқталды.

Атап айтқанда, ұлы ойшылдың еңбектеріндегі әдебиет пен мәдениеттің, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің тоғысуы, сондай-ақ, дәстүрлі ислам дінінің құндылықтарын насихаттау мәселесі айтылды. Абай шығармашылығы мен дәстүрлі құндылықтар мәселесі жастар тарапынан ерекше қызығушылық туғызды.

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!», – деген өлең жолдары жастарға үлкен ой салды.

Қазақ халқының салт-санасы мен дәстүрлі дүние танымының негізгі құндылықтарын дәріптеуге бағытталған дәріске 200-ге жуық студент қатысты.