Құрбан айтта қайырымдылық жобасы жалғасын табуда

Құрбан айт мерекесін атап өту аясында 2018 жылдың 21 тамызында «Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Біріккен Араб Әмірліктері елшілігінің қолдауымен қайырымдылық шарасын өткізді. Аталған шараға «Астана қаласы қоғамдық даму істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Д.Н. Есин, Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және Өкілетті елшісі доктор Мұхамед Ахмед Әл-Жабир, «Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Ж.А. Долиев және «Нұр Астана» мешітінің бас имамы А.А. Мұқанов қатысты.

            Шараға қатысушылар Ислам әлемдегі діндердің ішіндегі ең жасы екендігін, оны жер шарында 2 млрд. адам ұстанатынын атап өтті. Әлемнің 57 мемлекеті өздерін ислам әлемінің мүшесіне жатқызады. Олар Қазақстан сияқты Ислам Конференциясы Ұйымының мүшелері болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстандағы Ислам дінінің орны, исламның жалпы адамгершілік құндылықтары, Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтаудағы тәжірибесі жайлы айтып берді.

            Қайырымдылық шараларын іске асыру - өзара құрметтеу дәстүрін, адамдар арасындағы бірлік пен достықты сақтау және нығайтуға септігін тигізеді. Дәстүрге сыйластық таныту және жан жылулығын көрсету, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру, халық бірлігін сақтау үшін өте маңызды. Осы күні дәстүр бойынша аз қамтылған 100 отбасыға мал еті таратылды.

            Осындай ауқымды қайырымдылық шаралар жиі өткізіліп, алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.