Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысы өтті

9 қазан күні Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне дайындық аясында форум Хатшылығының отырысы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылық отырысына қатысушыларға арнаған сөзінде дін адамзат тарихының қай кезеңінде де саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі болып отырғанын атап өтті. Бүгінде, XXI ғасырда рухани даму мәселесі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында маңызды орынға ие болып отырғаны айтылды.
Сенат басшысы әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелердің ушығуына алып келген геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы түбегейлі өзгерістерге назар аударды. «Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдың салдарынан және «Құдай жолындағы ізденісті» қалқан етіп, теріс әрекеттер жасаудың нәтижесінде шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда», - деді Сенат Төрағасы.
Жалған ұрандарды желеу еткен террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналған жасанды діни құндылықтардан сақтану қажеттігіне тоқтала келіп, Қ.Тоқаев «Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың шала сауаттылығын өз мүдделеріне сай пайдаланатын жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр», - деп атап өтті.
Сенат Төрағасының пікірінше, аудиторияның назарын аударатын жаңалық іздеген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзге дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті кеңінен таратуға айтарлықтай ықпал етуде.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы қазіргі кезде қырып-жоюды емес, жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызды деп санайды. Қ.Тоқаев бұл туралы «Кез келген азаматтық қоғамның толеранттылығы мен беріктігін діни сенімнің түпкі мәнін аша түсетін рухани және адами ағарту ісі ғана нығайтады», - деп атап өтті. Осыған байланысты, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері мен оларды жақтаушылардың диалогы мен келісімін одан әрі ілгерілету жер бетіндегі ұзақ мерзімді тұрақтылықтың маңызды бөлігі болып табылады.
Сенат басшысы этносаралық және қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырған ел ретінде Қазақстанның халықаралық шиеленістерді шешуге, толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын нығайтудың жолдарын бірлесіп іздеуге алаң ұсынуы заңды құбылыс, - екенін айтты.
«Ұлт көшбасшысының көреген және парасатты саясатының арқасында еліміз әлемнің анағұрлым дамыған 50 елінің қатарына кіру жөніндегі асқақ мақсатқа жету жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу керектігі туралы ғибратты сөздері рухани жаңғырудың басты арқауы болды және ол Съездің мақсаты және міндетімен үйлесім тауып отыр.
Төраға Съездің игі бастамаларын халықаралық аренада кеңінен танылуына қосқан зор үлестері үшін Хатшылық отырысына қатысушыларға алғыс білдіріп, жұмыстарының табысты болуына тілектестігін жеткізді.
Отырысқа қатысушылар Діни көшбасшылар кеңесінің Үшінші отырысының күн тәртібін мақұлдап, VI Съездің қорытынды құжатының (Декларация) жобасын, сондай-ақ VII Съездің және Хатшылықтың кезекті отырысын өткізу мерзімдерін талқылады. Хатшылық отырысы 2019 жылдың қыркүйек айында және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі 2021 жылы Астанада өтетін болды.