«Жат ағым ұстанушысына күйеуге тиген жас ана жантүршігерлік оқиғасымен бөлісті»

Бүгінгі айтқалы отырған оқиға жат діни ағымның жетегіне ерген азаматтың әйелі мен балаларына деген қарым-қатынасы жайлы болмақ. Мұндай жайттар соңғы уақытта елімізде белең алып барады.

Менің психологиялық кеңесіме жүгініп жүрген Астана қаласының тұрғыны, 37 жастағы Әсем есімді азаматша, өз оқиғасын былай баяндап берген болатын.

Күйеуі ислам атын жамылған діни ағымының мүшесі екен, сипаттауынша қысқа балақты, сақалын бейберекет жіберген, сәләфи ағымының өкілі болуы ықтимал. Есімі – Серік, жасы қырықта. Айтуынша алғашқы танысқан сәттерінде байыпты кісі болған және сүйіп қосылған едік дейді. Сол жат ағымның мүшесі болғалы адам танымастай өзгеріп, өздерінің діни жиындарына барып келген сәтте үйіне агрессивті күйде келетін болған, келісімен айқайға басып, әйеліне пышақ алып жүгіретін және жиі таяқтайтын күйге жеткен. Соңғы бес жылда діни ұйымның ережесімен өмір сүрген, сондай-ақ кез-келген мәселені әйелімен кеңеспей, тек ахи бауырларының ақылына жүгініп жүрген. Әйелін төмен санайтыны соншалық, жаңа босанып келгенде бөлменің бір бұрышына төсек салып, баласы екеуін өзіне жуытпай, алшақ ұстаған. Бауырын қолына алып, өз-өзіне келуге, күтім жасауға мүмкіндік жасамаған. Жаңа туылған жас нәресте мазасызданып жылар болса, үнін шығарма деп айқайға басады екен. Ерлі-зайыптылар болып әңгіме-дүкен құру, сырласу, кеңесу тұрмақ, тұрмыстық мәселелерге қатысты әйелінің сауалдарына да жауап бермейтін болған, тек әйеліне талап қоюмен шектелген. Мұндай берекесіздік пен кикілжіңнен, эмоционалдық қысымнан әбден шаршаған Әсем, жұбайынан кетуді ойға алады. Осындай әрі-сәрі күйде жүргенде Әсемнің түбегейлі шешім қабылдауына мына бір жағдай себеп болады.

Пәтер жалдап жүрген Әсемнің отбасы, пәтер берушілердің жалдамалы пәтерді сатылымға қоюына байланысты жаңа пәтерге көшуге мәжбүр болады. Осы сәтте Әсемнің күйеуі Серік, жаңа пәтер іздеу мақсатында Әсемнің телефонынан риэлторға хабарласады. Шамалы уақыттан соң риэлтор Әсемнің телефонына қайта хабарласып, жалдамалы пәтерлер жайлы ұсынысын білдіреді. Ал Серік Әсемге бөтен жігіт сөйлесіп жатырсың деп қаралап, соққының астына алады. Күйеуінің қорлығынан қажыған Әсем күйеуімен ажырасуды ұйғарады және қабылдаған шешімін күйеуіне айтып, ажырасуға рұқсат сұрайды. Уысынан шығармай, тек өзінің дегенін жасатып жүрген Серік, әйелінен мұндай жаңалықты естимін деп ойламаған. Серік үнсіз үйінен шығып кетеді де, үш күннен соң қайта оралып, Мысыр еліндегі ұстазына қоңырау шалып, телефон арқылы әйеліне не істеу керектігі жайлы пәтуа сұрайды. Әсемнің айтуынша күйеуі үнемі Назратулла абу-Марьям, Дилмурат Абу Мухаммад сынды сәләфи ағымын насихаттаушыларының насихаттарын тыңдаған. Телефонның арғы жағындағы ұстазы «Сендер тұрып жатқан елде харамдық  көп, ол ел харам жолда,  шариғат заңы мен тәртібі жоқ, негізі бөтен еркекпен кездеспек тұрмақ, телефон арқылы тілдесудің өзі зинаға алып келеді, мұндай күнәнің жазасы таспен атқылау. Өкінішке орай Сіз тұрып жатқан елде мұндай үкімге жол жоқ. Сондықтан, әйеліңнің толыққанды өзіңе бағынышты әрі тек сенің шешіміңе мойынсұнғанын қаласаң, Мысыр еліне хижрет етіп, түбегейлі көшіп кел», – деп кеңес береді. Әрине мұндай кеңеске Әсем қарсылық танытады. Тағы да ұзаққа сосылған ұрыс-керістен соң, күйеуі Әсемнің телефонда өзге жігітпен сөйлескеніне кешірім бердім дей келе, Алматыға көшуге ұсыны білдіреді. Әсем балаларының жетімсіреп қалмауын ойлап, Алматы қаласына көшуге келісімін береді. Алайда Алматыда өткізген жеті ай уақыт, жетпіс жылдық азаппен тең болды дейды кейіпкеріміз. Тар бөлменің бір қуысынан жатын орын беріп, өзінің туған балаларымен сөйлеуге, еркелетуге түбегейлі тиым салған. Күйеуі балаларына шариғатты, намаз бен дұғаны үйреткенімен сол намаздың маңызы, исламның асыл қасиеттерін мүлден сөз еткен емес. Керісінше, аналарың зинақор, ол «Харам», оған жақындаушы болмаңдар, –  деп ескертумен болған. Бітпейтін даумен, шексіз кемсітуден және ұрып-соғудан әбден қажып, күйеуінен біржолата кетуді ұйғарған.

Бүгінде Әсем күйеуінен кетіп қалды, алайда көңіліне алған психологиялық жарақаттардың орны әлі де толық жазылған жоқ. Ана емес пе, балалары үшін алаңдайды, сағынады. Қазір Әсемнің алдына қойған мақсаты –  өз-өзін қолына алып, шамалы жағдайын түзетіп, күйеуімен заңды түрде ажырасып, балаларын қайтарып алу. Әсем күйеуінен кетер уақытта күйеуі балаларына «аналарың зинақор, ол кетеді, оны ешқашан іздемеңдер, ұмытыңдар», – деген екен. «Балаларым менен суып кететін болды», –  деген уайым Әсемге маза берер емес. Өкінішке орай, Әсемнің күйеуі балаларын анасымен көрісуіне рұқсат бермей отыр. Әсем осы уақытқа дейін алған психологиялық соққыларының салдарынан енді арылып келеді, ендігі Әсемге заңгердің құқықтық кеңесі қажет болары анық. Алайда, Әсем секілді әйелдер өз құқығын қорғауды, заңгерлердің көмегіне жүгінуді біле бермейді.  

Бүгінде Әсем жұмыспен қамту орталығы арқылы өз мамандығымен жұмысқа тұрып, болашағына айқын мақсат қоюды қолға алған. Жан жарасын емдеуге психолог мамандардың тұрақты көмегін алуда. Отбасымен бір дастарханнан ас ішіп, балаларымен бірге болуды армандайтын Әсем, басынан өткен жағдайын айта отырып, өзінен жасы кіші сіңлілеріне мұндай мәселелердің алдын алып, жұбайларының діни көзқарасына байқампаздық танытуды және қаракөз қазақ қыздарына азаматтарымыздың қамқор болуы мен жәбірлемеуін сұрайды.

Кейіпкердің сұранысы бойынша есімдері өзгертілген.