Елорда мешіттерінің имамдарына біліктілігін арттыру семинары өткізілді

Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы ү.ж. 9 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, «Нұр-Астана» мешітінде елорда мешіт имамдарына арналған «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және алдын алу бойынша біліктілігін арттыру» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараға дін саласы бойынша құзіретті мемлекеттік орган басшылары, ғылыми және эксперттік қауымдастық өкілдері, сондай-ақ білікті теолог мамандар қатысты.

Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Н. Альмуханов, Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ж. Карашулаков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты А. Нурадинов, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіндегі «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының» директоры, теолог А.Сабдин, ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің басшысы, PhD докторы С. Сейтбеков және елорда мешіттерінің имамдары мен медресе ұстаздары болды.

Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Н.Альмуханов өз сөзінде қоғамдағы діни экстремизм мәселесінің өзектілігін және оның алдын алудың маңыздылығын атап өтті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталып, халықтың діни сауаттылығын арттыруға үлесін қосып жүрген дін қызметкерлерін экстремистік идеологияға қарсы тұруға және халықтың санасына бағытталған теріс ағымдардың идеологиясына ғаламтор желісінде де теологиялық тұрғыда тойтарыс беруге қабілетті болуға шақырды.

Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ж.Карашулаков семинардың мақсаты елорда мешіттері имамдарының біліктілігін арттыру, оларға радикалды діни бағытты ұстанатын тұлғалармен жұмыс істеу және дерадикализация жұмыстарының ерекшеліктерімен таныстыру, дін саласындағы түйінді мәселелерге ғылыми негізде жауап беру, дін қызметкерлерінің теориялық базасын жетілдіру және білікті мамандардың тәжірибесімен бөлісу екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты А.Нурадинов «Теріс діни ағымдардың психологиялық арбау жолдары» атты баяндамасында экстремистік идеологияның көріністеріне тоқталып, егемендік алғаннан кейінгі Қазақстандағы діннің даму ерекшеліктері мен тұлғаның теріс діни ағымдардың ықпалында кету себептерін ашып көрсетті.

Соның ішінде теріс жолға түсуге түрткі болатын мотивтер, отбасылық тәрбие, әлеуметтік проблемалар мен психологиялық күйзеліс тәрізді негізгі факторларға кеңінен тоқталды.

А.Нурадинов семинар барысында радикалды діни идеологияның жетегінде кеткен тұлғаларды дәстүрлі исламға қайтару бағытында кездесетін мәселелерді талқылады. Маманның айтуынша санасы теріс идеологиямен уланған тұлғалармен жұмыс істеу барысында психологиялық кедергілер көп кездеседі. Соның ішінде бірден өзара қарым-қатынас орнату мүмкіндігі азайып, психологиялық барьерді кетіру үшін бірталай уақыт қажет болады. Сол себептен, А.Нурадиновтың пікірінше, дін қызметкерлеріне психологтардың кеңестері қажет болады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімінің басшысы, PhD докторы С.Сейтбеков «Ислам дініндегі теріс ағымдардың шығу тарихы» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі уақыттағы ислам дініндегі бөлінушілікке себеп болған әрекеттерді сахабалар заманындағы орын алған тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып түсіндірді. Маманның ислам тарихында бөлінуге түрткі болған көптеген факторларды түсінікті тілмен жеткізуі аудиторияның ерекше қызығушылығын оятты.

Соның ішінде, діни мәтіндерді түсіну барысында әрбір тұлғаның өзінің деңгейіне қарай қабылдауы пікір қайшылығын туғызатыны, осының салдарынан алауыздықтың туындауы, ал ол өз кезегінде бөлінуге әкеліп соғатынын айтып, көпшілікке ой салды. Бұнымен қоса, С.Сейтбеков Ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдардың шығуына себеп болған саяси мәселелерге де кеңінен тоқталды.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, теолог А.Сабдин «Радикализация теориясы және дерадикализация тәжірибесі» тақырыбында сөз қозғады.

Теолог буквализм мен догматизмге балама ретінде рационализм мен сыни ойлаудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдарды оңалту жұмыстарын жүргізетін тұлғалардың діни сауатын арттыру бұл бағыттағы іс-шаралардың басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұның бәрі қоғамда толерантты діни сананы және радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, бұл бағыттағы жұмыстарына шығармашылық табыс тіленді.

 

Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы