ӨМІР НЕГЕ КҮРТ ӨЗГЕРДІ?

Қазіргі уақытта бай болуды, шетел асып, қымбат үйде тұруды кім аңсамайды? Арманның жетегінде елес қуып, толысқан азамат болса да өмірде әртүрлі соқпақты жолдарды таңдайды. Жеңіл өмір сүріп, қамсыз-қайғысыз тірлік кешіп, қалауына қиналмай қол жеткіземін деген ой қыздардың санасына сіңіп қалғандай.

Сондай келіншектердің бірі – Айша. Он үш, он төрт жасында дінге деген қызығушылығы артып, діни ақпараттарды өзінен екі жас үлкен ағасынан алып, оның айтуы бойынша құлшылық жасауды үйрене бастайды. Он алты жасында тұрмысқа шығып, екі қызды өмірге әкеледі.

Уақыт өте келе ағасы өз жамағатымен Шам еліне аттанып, қарындасын мұсылман бауырларға көмек көрсету үшін шақырады. Шақыру алған Айша көп ойланбастан отбасын тастап, Шам еліне жол тартады. Кезекті соғыс алаңында туған ағасының қайтыс болғанын естіп есінен айырылады. Арманының алдағанын, қиялының құм болғанын біраз уақыт өткеннен соң сезіне бастайды. Туған бауырынан қапыда айырылып, қайғыдан қара жамылған Айша, уақыт өте келе басқа ер-азаматтың қолдауына мәжбүр болады.

Жалғыз жүру шариғатқа сай келмейді деген желеумен ағасының досы Айшамен некелеседі. Некелескен азаматы көп ұзамай соғыс алаңында қаза тауып, басқа ер азаматпен тағы некесін қидыруға мәжбүр болады. Некелі әйел болса жеуге ас, киерге киімі табылады. Осылай күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Шам еліндегі екінші некесі де сәтсіз аяқталып, төрт баламен жесір қалады. Жесірлік өмірдің тауқыметін тартқан Айша шырылдаған жетімдерге азық табуы қиындап, табылған азықпен күн көріп, аштан өлмеу үшін тамақ ретінде көкжелек шөпті де жейді.

Азапты өмірден баз кешкен ол Отанға қайтудың амалдарын іздестіре бастайды. «Жусан» операциясы арқылы елге қайтып, туған жердің топырағына жетіп қуаныштан көз жасына ерік беріп езіліп жылайды. Елде қалған жолдасы мен екі қызының сыртынан бақылап, олардың бақытты өміріне қызығумен болады. Ойлана келе бойындағы күшін жинап жолдасымен кездесуге тәуекел етеді. Қоңырау шалып кездесіп, қыздарын құшақтап, оларды тастап кеткені үшін кешірім сұрағысы келетінін айтып түсіндіреді.

Бұрынғы жолдасы ешқандай қарсылық білдірмей керісінше қыздарына анасының алыс сапардан келетінін және олардың осы күнді асыға күтіп жүргенін айтады. Көктемнің шуақты күндерінде ес біліп өсіп қалған қыздарымен қауышу Айшаны қатты қобалжытты. Кездесуге келген қыздары анасын ойланбастан құшақтап, сағына күткендерін айтып, балалық қуаныштарын жасыра алмады. Бауырлар да бір-бірімен құшақтасып, танысып, табысып жатты. Шуақты күнде мұзды жарып шыққан бәйшешектей елге аман-есен жеткеніне, балаларымен кездесуде кедергілер болмағанына шүкіршілік, тағдырына алғыс айтып көзіне жас алып тұрды….

Өмірінің күрт өзгеріп басқа арнаға ауысқаны, оның болашаққа деген сенімділігін арттырып, құлшынысын еселей түсті. Айша бүгінгі күні мемлекет тарапынан қарастырылған бағдарламалар аясында ашылған шағын тігін шеберханасында жұмыс істеп, қоғамға бейімделуде.

Нұргүл РҮСТЕМ,
Нұр-Сұлтан қаласының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

ақпараттық-түсіндіру және оңалту, бейімдеу бөлімінің маманы